Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық экономиканы терең әртараптандыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Үкімет өңдеуші өнеркәсіпті дамыту және агроөнеркәсіптік кешенді жаңғырту бойынша жүйелі шаралар қабылдап келеді.
Заңнамаға енгізілген маңызды өзгерістердің бірі – енді барлық ірі компаниялар мен мемлекеттік органдар тауарлар мен қызметтерді тек отандық өндірушілерден сатып алуға міндетті. Бұл қазақстандық кәсіпорындар үшін тұрақты өткізу нарығын қалыптастырады. Нәтижесінде әрбір ірі кәсіпорын немесе ведомство айналасында жергілікті тұрақты өндірістердің берік өнеркәсіптік экожүйесі қалыптасуда. 2026 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша жер қойнауын пайдаланушылар мен квазимемлекеттік сектордың ірі компаниялары қазақстандық кәсіпорындарды қолдау мақсатында жалпы сомасы 466,1 млрд теңгеге офтейк-келісімшарттар мен ұзақмерзімді шарттар жасасты.
Сонымен қатар адал бизнесті қорғау және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында «Қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімі» мемлекеттік цифрлық жүйесі іске қосылды. Бұл платформа жалған өндірушілерді автоматты түрде анықтап, нақты өндірістік қуаттарды тексеруге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта жүйеде 6,6 мыңнан астам компания тіркелген. Оның ішінде 4 467 кәсіпорын толық Қазақстанда өндірілген өнім шығарса, 2 146 кәсіпорын қайта өңделген өнім өндіреді.
Шикізатты терең өңдеуді жүйелі түрде ынталандыру өңдеуші өнеркәсіптің қарқынды дамуына жол ашты. Соның нәтижесінде биылғы жылдың алғашқы 6 айында өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 9,8%-ды құрады.
2026 жылы жалпы сомасы 1,7 трлн теңгеге 18 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын аша отырып, 200 индустриялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.
Өнеркәсіптік сектордың оң динамикасы агроөнеркәсіптік кешенде де көрініс табуда. 2026 жылдың алты айында ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 4,4%-ға ұлғайып, 2,2 трлн теңгені құрады. Бұл өсудің басты себебі инвестициялардың күшті ағыны болды: 2026 жылдың бес айында олардың ауыл шаруашылығына көлемі 36,4%-ға, ал азық-түлік өндірісіне — 2,7 есе өсіп, 207,3 млрд теңгеге жетті.
Дереккөз: baq.kz