2026 жылдың қаңтар-сәуір айларында Қазақстан экономикасының өсімі жеделдей түсті. Ұлттық статистика бюросының алдын ала деректеріне сәйкес, осы кезеңде елдің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,6%-ға өсті.
Экономикалық серпіннің негізгі драйверлерінің бірі – өңдеу өнеркәсібі болды. Төрт айдың қорытындысы бойынша бұл сектордағы өндіріс көлемі 9,9%-ға артты. Атап айтқанда:
- жеңіл өнеркәсіпте өндіріс 2,3 есе;
- жиһаз өндірісі 41,7%;
- фармацевтика 35,2%;
- құрылыс материалдары 27,7%;
- химия өнеркәсібі 18,4%;
- азық-түлік өндірісі 14,4% өсті.
Машина жасау саласы жоғары өсімді сақтап отыр. Өндіріс көлемі 23,3%-ға ұлғайды. Бұған көлік құралдарын, ауыл шаруашылығы және теміржол техникасын, сондай-ақ электр жабдықтарын шығару көлемінің артуы әсер еткен.
Сарапшылардың пікірінше, қазіргі экономикалық өсім құрылымында шикізаттық емес секторлардың үлесі артып келеді. Әсіресе құрылыс, көлік, сауда және өңдеу өнеркәсібі ел экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналып отыр.
Дереккөзі: baq.kz