9 қыркүйекте Moody’s халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстанның ұзақ мерзімді рейтингін Baa2-ден Baa1-ге дейін көтерді, болжам "Тұрақты", деп хабарлады Ұлттық экономика министрлігі.
Берілген рейтинг ел тәуелсіздігі жылдарындағы ең жоғарғы көрсеткіш саналады.
Moody's қарыздың төмен деңгейімен және оны төлеудің жоғары мүмкіндігімен сипатталатын Қазақстанның сенімді қаржылық көрсеткіштеріне, сондай-ақ бюджет тапшылығын ЖІӨ-нің 2,5-3% деңгейінде ұстап тұру бойынша үкіметтің сарабдал саясатына назар аударды.
Moody's сарапшылары іскерлік климатты жақсарту мен инвестицияларды тарту, қолайлы бизнес экожүйесін құру мен бюрократиялық кедергілерді азайту бойынша қабылданған шаралар негізінде жүргізіліп жатқан жұмыстарды оң бағалады. Ұлттық инфрақұрылымдық инвестициялық платформаны іске қосу әкімшілік процестерді жеделдетуге көмектеседі.
Moody's сарапшылары басқа көмірсутектерді өндіруш елдермен салыстырғанда Қазақстан экономикасының анағұрлым күшті перспективаларын атап өтті. Агенттіктің пікірінше, жүргізіліп жатқан реформалар елдің бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға ықпал етеді.
Сонымен қатар, Moody's сарапшыларының пікірінше, көлік-логистикалық секторды дамыту Транскаспий халықаралық сауда бағыты (Орта дәліз) бойынша жүк транзиті саласындағы белсенділіктің жылдам өсуіне байланысты өсу мен әртараптандырудың негізгі факторларының бірі болып қала береді.sputnik.kz