Қазақстан президентінің баспасөз қызметінің хабарлауы бойынша, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Германия федералды канцлері Олаф Шольц Қазақстанда ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді.
Президент Қ.Тоқаев атап өткендей, Германия Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі болып табылады және біздің экономикамызғы жетекші инвесторлардың қатарына кіреді.
«Өткен жылы екіжақты тауар айналымы бір жарым есеге жуық өсіп, шамамен 4 миллиард долларды құрады. Осы жылы да оң динамика байқалады. Соңғы жеті айда өзара сауда-саттық көлемі 2,3 миллиард доллардан асты. 2005 жылдан бастап Германиядан тікелей инвестиция шамамен 6,7 миллиард долларды құрады. Бұл қаражаттың 90% - ы шикізаттық емес секторға тиесілі екені қуантады. Бүгінде Қазақстанда неміс капиталының үлесі бар мыңнан астам компания жұмыс істейді», - деп атап өтті мемлекет басшысы.
Тараптар, әсіресе энергетика, «жасыл» трансформация, тау-кен өнеркәсібі, көлік және логистика, климатты қорғау, экология және ауыл шаруашылығы салаларында өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыруға мүдделілігін растады.
Дереккөз: informburo.kz