Иранның сыртқы саясатындағы қиын-қыстау кезеңге қарамастан, Қазақстанмен арадағы экономикалық серіктестік соңғы жылдары жаңа деңгейге көтерілді: агроэкспорт көлемі еселеп өсіп, өзара инвестициялар артты, ал логистикалық жобалар екі елдің аймақтық байланыстарын кеңейтуге жол ашып отыр.
2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы 310,8 млн АҚШ долларын құрады. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 44,9%-ға жоғары. Оның ішінде экспорт – 178,8 млн доллар (өсім 3,2 есе), импорт – 132,1 млн доллар (16,5%-ға төмендеу).
Ал 2025 жылы Ираннан Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 17,8 млн долларды құрады. Бұл 2024 жылғы 14,1 млн доллармен салыстырғанда 3,7 млн долларға немесе 26,24%-ға артық. Көрсеткіш көлем жағынан аса үлкен болмаса да, инвестициялық ынтымақтастықтың тұрақты кеңейіп келе жатқанын айғақтайды.
Иран жыл сайын 25 млн тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттайды. Бұл елдің транзиттік инфрақұрылымын пайдалана отырып, Қазақстан үшін үшінші елдердің нарықтарына шығу мүмкіндігі кеңейеді. Тараптар АӨК саласындағы серіктестікті жүйелі түрде дамытуға ниетті екенін растады.
Екі ел арасындағы сауда, агроэкспорт және инвестициялық ынтымақтастық айтарлықтай қарқын алып келеді. Бірлескен жобалар мен логистикалық мүмкіндіктердің кеңеюі Қазақстан мен Иран арасындағы ұзақ мерзімді, тұрақты және стратегиялық серіктестіктің нығаюына негіз қалайды.
Дереккөз: baq.kz