Қазақстанда 2027–2029 жылдары ақылы автокөлік жолдарымен жүру тарифтерін кезең-кезеңімен көтеру жоспарланып отыр. Жеңіл автомобильдер мен салмағы 10 тоннаға дейінгі жүк көліктері үшін тарифтердің өсуі 30%-ға дейін, ал салмағы 10 тоннадан асатын жүк көліктері үшін 50%-ға дейін жетуі мүмкін. Тарифтерді өзектендіру жоспарын ҚР Көлік министрлігі бекіткен. Бұл туралы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы хабарлады.
Көлік министрлігінің түсіндіруінше, тарифтерді қайта қарау автокөлік жолдарын күтіп-ұстау мен пайдалануды қаржыландыруды қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың техникалық жай-күйін тиісті деңгейде сақтау үшін қажет.
Сонымен қатар «Атамекен» жүк тасымалы, логистика және сауда саласындағы кәсіпкерлер үшін жол жүру құнының өсуі ықтимал салдарға әкелетініне назар аударды. Көлік шығындарының артуы тасымалдау құнының, бизнес шығындарының, сондай-ақ тауарлар мен қызметтер бағасының өсуіне себеп болуы мүмкін.
Осыған байланысты палата тарифтерді қайта қарау мәселесін бизнес-қоғамдастықпен ашық диалог аясында талқылап, қабылданатын шешімдердің экономикалық салдарын алдын ала бағалау қажет деп санайды.
Палата сондай-ақ ақылы жолдар желісін дамыту тек тарифтерді көтеру есебінен ғана емес, жиналған қаражаттың ашық әрі тиімді жұмсалуы, жол инфрақұрылымының сапасын жақсарту және оны күтіп-ұстау тиімділігін арттыру арқылы да қамтамасыз етілуі керек деп есептейді.
Дереккөз: eldala.kz