«Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығы» ЖШС Қазақстанның екінші тоқсандағы макроэкономикалық көрсеткіштеріне шолу жариялады.
«2023 жылы Қазақстанның өзге елдермен сауда айналымы 139,8 млрд долларға жетіп, рекорд тіркеді. Бұл жетістіктің артында сауда-саттық байланыстарының өзгерісі тұр. 2018 жылға дейін Қазақстанның сауда құрылымында Еуропалық одақтың үлесі тұрақты түрде басым болып келген. 2018 жылдан бастап Еуропалық Одақтың үлесі ұдайы түсіп келеді. Одан кейінгі орында тұрған Ресейдің үлесі де 2021 жылдан бері азая бастады. 2022 жылы Ресейдің үлесі 24%-дан 20%-ға дейін түсті. Ал Қытайдың үлесі артып келеді. 2023 жылы Ресейдің орнына шығып, Қазақстанның негізгі сауда серіктесіне айналды», - деп жазылған шолуда.
Бірақ елдің Қытаймен тауар айналымы негізінен импорттың артуымен байланысты ұлғайғанын айту керек.
«2023 жылы Қазақстаннан Қытайға бағытталған экспорт көлемі 12% өссе, Қытайдан Қазақстанға ағылған импорт көлемі 1,5 есе артқан. Осылайша бұған дейін оң нәтиже көрсетіп келген сауда сальдосы теріс мәнге ие болған. Яғни, екі елдің арасындағы сауда-саттық теңгерімсіз дамып жатыр», - деп жазады сарапшылар.
Шолу авторлары Қытайдың жалпы әлем экономикасына ықпалы артып келе жатқанын да еске салады
«Қазақстан мен Қытай ықпалдастығының нығаюы бір жағынан жағымды. Елдің сыртқы әлеммен байланысы әртараптана түседі. Дегенмен экономикадағы өзара ықпалдастық өзара тәуелділікке душар ете алады. Екі елдің экономикасының көлемі әр түрлі болғандықтан өзара тәуелділік те әр түрлі деңгейде қалыптасады. Қазақстанда дағдарыс бола қалса, оның Қытайға әсері сезілмейді де. Ал Қытайда дағдарыс болса, Қазақстан экономикасына дәл сондай әсер береді. Қытай экономикасымен жалғайтын көпір салған кезде осыны басты назарда ұстау қажет», - делінген шолуда.