2020 жылдан бері Қазақстан мен Әзербайжан арасында тауар айналымы 5 есе өсті

Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы 5 есеге жуық – 109 миллион доллардан 529 миллион долларға дейін өсті, деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев Vesti.az басылымына берген сұхбатында. Оның айтуынша, екі мемлекет арасында саяси, сауда-экономикалық, транзиттік-көлік, энергетика, ауыл шаруашылығы, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы байланыстар белсенді дамып келеді.

Сонымен қатар, Тоқаев нормативтік-құқықтық база кеңейіп жатқанын айтты. Соңғы бір жарым жылдың ішінде 40-қа жуық маңызды екіжақты құжатқа қол қойылды.

Қазақстан президенті екі ел үшін де, жалпы өңір үшін де маңызды бірлескен ірі жобаларды тізіп атап берді. "Бұл – Транскаспий халықаралық көлік бағытының (Орта дәліз) өткізу қабілетін кеңейту, Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық байланыс желісін (ТОБЖ) және энергетикалық кабельді тарту, Әзербайжан арқылы мұнай мен уран экспорты, Қазақстаннан Әзербайжан нарығына бидай жеткізу", - деді Тоқаев.

Бірқатар бірлескен бастама екі ел арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға және туристік ағынды арттыруға бағытталған, деп мәлімдеді президент.

sputnik.kz